Қарулы күштердің әскери қызметшілері ардагерді мерейтойымен құттықтады

Қарулы күштердің әскери қызметшілері ардагерді мерейтойымен құттықтады

Ұлттық әскери-патриоттық орталықта 2023 жылғы 7 мамырда 75 жасқа толған Қарулы күштердің ардагері, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұмановқа құрмет көрсетілді.

Мерекелік іс-шараға Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, мерейтой иесінің әріптестері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж бен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Мерейтой иесін құттықтаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов қорғаныс ведомствосы басшысының құттықтауын табыс етті.

– Сіз сарбаздан генералға дейінгі соны соқпақты жүріп өттіңіз. Егемен ел Қарулы күштерінің бастауында тұрдыңыз. Қазақстан әскері тәрбие құрылымдарының қалыптасуына қосқан үлесіңіз өлшеусіз. Сіздің бастамаңызбен 2013 жылы «Қарулы күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінде құрметті демалысқа шықсаңыз да үнемі алғы шептен көрініп келесіз, – деп атап өтті министрдің орынбасары.

Марат Серәліұлын Қарулы күштердің ардагерлері Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, әскери-техникалық мектептің бас директоры генерал-лейтенант Болат Дарбеков, контр-адмирал Ратмир Комратовтар да құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы мерейтой иесіне арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Вокалист Дәурен Төлеубаев «Отан», «Егемен Қазақстан» әндерін шырқады. Қуаныш Ерзатұлы, Ағыбай Удешов, Бауыржан Нұрымбетов және Дәурен Төлеубаевтардан құралған квартет «Мен қазақтың баласы» музыкалық туындысын мақтаныш сезім мен патриоттық рухта орындады.

Айдана Иманбердиева текті сөздің төресі «Қанекей, тілім сөйлеші» термесін орындап берді. Мың бұралған әскери бишілердің тартуы да көрерменнің ыстық ықыласын бөленді. «Ясмин» триосының орындауындағы «Куә бол» әні де ерекше сезім қалдырды.

Эльдана Габерман «Любовь настала» әнін орындаған кезде «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер студиясының тәрбиеленушілері Марат Серәліұлының жұбайы мен қыздарына гүл сыйлап, құрмет көрсетті.

Бүгінгі ұрпақ үшін Марат Серәліұлы Нағұманов – саналы ғұмырын Отанының игілігі жолында қызмет етуге арнаған адал, жанқияр офицердің үлгісі болып қала береді.