Тілсіз жауды ауыздықтауда ерлік көрсеткен сарбаз Флейтлинг үйіне оралады

Тілсіз жауды ауыздықтауда ерлік көрсеткен сарбаз Флейтлинг үйіне оралады

Қарағанды гарнизоны 31775 әскери бөлімінің алаңында өткен жылдың көктемінде Қарулы күштер қатарына шақырылған мерзімді қызметтегі сарбаздарды салтанатты түрде запасқа шығару рәсімі өтті.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына Отан алдындағы мерзімді қызметін өткерген қырықтан аса сарбаз шынығып-шымырланып, нағыз ер азамат атанып үйлеріне қайтады.

Осындай маңызды күнмен құттықтау үшін Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов, Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Поворосимов, Әлихан Бөкейханов ауданы ардагерлері кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Марат Аймағамбетов келді.

Мерзімді әскери қызметтегі жауынгерлер он екі ай бойы әскери іске машықтанып, өздеріне сеніп тапсырылған қаруды үйренді, іс жүзінде жауынгерлік дайындық дағдыларын жетілдірді.

Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі сарбаздардың жадында қалатындай әсерлі, алаңда маршпен ән айтылып, тәлімгерлердің ізгі тілектерімен аяқталды.

Қызмет барысында жауынгерлік дайындығы мен әскери тәртіпте үздік көрсеткіштері үшін көзге түскен сарбаздар грамоталармен, естелік сыйлықтармен және ата-аналарының атына жазылған алғыс хаттармен марапатталды.

– Бір жыл ішінде тәжірибе жинап, нағыз жауынгер атанып, аға буынның жауынгерлік дәстүрлерін жалғастырушы ізбасарлары болдыңдар. Борыштарыңды өтей жүріп, Отанға адал болуды үйрендіңдер. Әскерден алған ілімдерің өмірде де қажеттеріңе жарарына сенемін, – деді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев сарбаздарға ақ жол тілеп.

2022 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысында болған орман өртін сөндіруде көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін мемлекеттік марапат – «Ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылған қатардағы жауынгер Александр Флейтлинг те бөлімнің Жауынгерлік туымен қоштасуға қатысты.

Алдағы уақытта ол келісімшарт жасап, Отанға қызметін жалғастырғысы келетінін айта кеткен жөн.