Тараз өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери қызметшілері Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Владимир Колесниченконы құттықтап барды.
Олар майдангерге сыйлықтар мен Қазақстан Қарулы күштері Әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Руслан Құлымбетовтың алғыс хатын табыс етті.
Онда ардагерге Жеңіске қосқан үлесі, батылдық пен қаһармандықтың үлгісі ретінде зор денсаулық пен амандық тілеген.
Қазір 96 жастағы Владимир Васильевич Колесниченко қонақтарды өзі қарсы алды. Салауатты өмір салты және балалары мен немерелерінің қамқорлығы майдангердің денсаулығы мен сергектігін сақтап қалды. Ол қонақтардан әскери полицияның мақсаттары мен міндеттері туралы сұрап білді. Соғыстағы қызметі туралы айтып берді.
– Біз уақыттың қаншалықты тез өткенін байқамай қалдық. Әңгіме соншалықты қызықты болды, - дейді Әскери полиция басқармасы жедел ден қою бөлімінің аға офицері майор Смадияр Тұраханов.
Әскери қызметшілер майдангердің әр сөзін мұқият тыңдады. Владимир Васильевич Колесниченко Таразда тұрып жатқан тоғыз Ұлы Отан соғысы ардагерінің бірі. Сондықтан олардың жанында өткізген әр сәт өте маңызды және қымбат. Олардың айтуынша, мұндай әңгімелер соғыс туралы кітап оқығанмен бірдей.