Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Алматыда Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов Ұлттық әскери-патриоттық орталық филиалының музыканттарымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады.

Іс-шараға қаланың қорғаныс істері жөніндегі басқармаларының өкілдері мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұратын аулаларда соғыс жылдарындағы әуендерді орындаған оркестрдің қойылымы ұйымдастырылды. Майдангерлерге Алматы өңірлік гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің атынан алғыс хаттар табысталды.

Құттықтауды 9-шы әуе-десанттық армия құрамында Венгрия мен Австрияның майдан жолдарынан жүріп өткен жалғыз десантшы-жауынгер Виктор Изюмников бірінші болып қабылдады. Соғыс жылдарында жүз рет парашютпен секіріп, жау тылына түскен ол  "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Бүгінде майдангер 99 жаста. Нағыз десантшы болғандықтан, ол қазір де сергек, рухы асқақ. Ол өзінің құрметіне салтанатты шерумен жүріп өткен әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне әскери құрмет көрсетті.

Ерлі-зайыпты Маргарита- Феофан Шестаковтар 63 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Жұбайлар қанды шайқастарға қатыспаса да, тылдағы ауыр еңбекке араласып, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Соғыс кезінде Шымкентте тұрған Маргарита егістіктерде жұмыс істеп, мақта жинады. Соғыстан кейін педагогикалық университетті бітіріп, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнады. Ал Феофан Викторович болса, Алматыда құрылып жатқан 316-шы Панфилов дивизиясын дайындауға көмектесті. 11 жасар бала отын жинап, басқа да тапсырмаларды орындады. Соғыстан кейінгі жылдары ол жоғары білім алып, ғылыммен айналысты. Феофан Викторович Қазақстандағы ең көне практик гидрогеолог. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ерлі-зайыптылар әскери оркестрдің әуеніне вальс биледі.

99 жастағы Шәңгерей Жәнібеков Қостанай фельдшерлік мектебін бітіргеннен кейін Кеңес әскері қатарына шақырылды. Әскери фельдшер өз өміріне үлкен қауіп төндіре отырып, жаралыларды Брянск, Степной және екінші Украин майдандарында ұрыс даласынан алып шықты. Белгород, Харьков, Полтава, Кременчуг және Кировоградты азат етуге қатысты. Ол Румыния, Венгрия, Чехословакия және Австрия арқылы майдан жолдарынан өтті.

Соғыстан кейін Шәңгерей Жәнібекұлы Денсаулық сақтау саласында басшылық лауазымдарда қызмет істеді. Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Зейнеткерлікке шыққан соң Қазақ республикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болды.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтау жалғасуда. Алматыда тұратын 47 ардагердің ешқайсысы назарданн тыс қалмайды.