Майдангер сүйікті "Үш танкист" әнін шырқады

Майдангер сүйікті "Үш танкист" әнін шырқады

Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысында аты аңызға айналған Т-34-те соғысқан 97 жастағы Исмагилл Галиуллинді Жеңіс күнімен құттықтады.

Ардагер өзінің 2014 жылы Қарағанды облысындағы "Спасск" полигонына шақырылған жағдайды еске алды. Қарт майдангер генерал Сұлтан Қамалетдиновпен (ол кезде "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы) бірге жауынгерлік машинаға отырып,  жауынгерлік Т-72Б көп тонналық танкін ату және жүргізу нормативтерді "өте жақсы" деген бағаға орындаған болатын.

Сол жолы 60 жылдан астам уақыт танк штурвалына отырмаса да майдангер өзінің тәжірибесін жоғалтпағанын дәлелдеген.

Исмагилл Галиуллин 1926 жылы Башқұртстанның шағын ауылында дүниеге келген. Майданға ерікті болып аттанған. Ауыр шайқаста оның танкі бірнеше рет соққы алды. Алайда соның бәрінен аман шықты. Ол майдан жолдарымен Берлинге дейін жетті. Соғыстан кейін Германия мен Батыс Украинада бес жыл қызмет етті.

Әскерден оралған соң агроном мамандығына оқыды. Ол отыз бес жылдан астам уақытын кәсіптік мектепте оқытушылық қызметке арнады. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді.

Жеңіс күні қарсаңында қарияны әскери қызметшілер арнайы келіп құттықтады. Әскери оркестр ардагерге танымал әуендерді орындап берді.

Қарт майдангерді жеңісімен құттықтаған әскери қызметшілер оған зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Исмагилл Ныгматұлы Отан қорғаушыларға қамқорлығы үшін алғыс айтып, сүйікті "Үш танкист" әнін олармен бірге шырқады.