Астанада Президенттің қатысуымен бүкілармиялық кеңесі өтті

Астанада Президенттің қатысуымен бүкілармиялық кеңесі өтті

Елордадағы ЕХРО конгресс-орталығында Қарулы күштер, Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар министрлігі әскери қызметшілерінің форумы өтті.

Күштік ведомстволардың басшылары мен жауынгерлік оқу үздіктерін Қазақстан Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Ол әскери қызметшілер мен ардагерлерді кәсіби мереке – Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мемлекетіміздің сенімді тірегі екенін атап өтті.

– Отанымыздың аумақтық тұтастығын сақтау – біздің қасиетті парызымыз. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ешкімнің де кең байтақ жерімізге қол сұғуына жол бермеді және оны сақтауға өсиет етті. Біздің басты міндетіміз – осынау ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау. Біз ұрпақтарымызға біртұтас және күшті мемлекетті қалдыруымыз керек. Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғай отырып қана, біз прогрессивті және дамыған мемлекет құра аламыз. Қарулы күштер осы іргелі құндылықтарды сенімді қорғауға арналған, – деді Президент.

Жоғарғы Бас қолбасшы күштік құрылымдар заманауи талаптарға сай болуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылғанын, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік дағдыларын жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Аумақтық қорғаныс күштерінің әлеуеті нығайып, азаматтық қорғаныс бөлімдері қалыптасуда. Арнайы мақсаттағы бөлімшелерді дамыту жедел қарқынмен жалғасуда. Оларды біртіндеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Осы міндеттердің бәрін белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Жағымсыз құбылыстарға қарсы тұруда мемлекеттік органдардың өзара тығыз іс-қимылын құру өте маңызды. Мықты армия – бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі, –деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Бүкілармиялық кеңесте күштік құрылымдарды тиімді үйлестіру, әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов баяндады.

Бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастырылуда. Онда жағдайды дамыту нұсқалары модельденіп, іс-қимыл алгоритмі жасалады, сондай-ақ есеп жүргізіліп, мемлекеттің әскери ұйымының әлеуеті анықталады.

– Ведомствоаралық деңгейде облыстардың қорғаныс кеңестерімен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталуда, қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының мүмкіндіктері бағалануда, –деп нақтылады Қорғаныс министрі.

Қорғаныс ведомствосының басшысы өз сөзінде әскери қызметшілердің мәртебесін арттыру, әлеуметтік пакеттің сапасын жақсарту, тұрғын үй және зейнетақы салаларындағы кепілдіктерді нығайту мәселелерін де қозғады.

– Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекет қабылдаған шаралар әскери ұжымдар мен өз өмірін Отанға қызмет етуге арнаған адамдардың отбасындағы моральдық-психологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деді ол.

Кеңес барысында Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы Айтқұрман Омарбеков, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов, Қарулы күштердің ардагері Серікбай Оңбаев, әскери қызметші Ади Таласбаев сөз сөйледі.

Форумда Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың үздік әскери қызметшілерін марапаттау рәсімі өтті. ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҰҚК Түркістан облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің аға нұсқаушысы Қуаныш Бабақұлов марапатталды. «Ерлігі үшін» медалімен Ұлттық ұлан 6654 әскери бөлімінің взвод командирі Байсейіт Лисбаев, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Данияр Рахматалиев марапатталды.

Қорғаныс министрлігіне қарасты 19033 әскери бөлімі минадан тазарту бөлімшесінің командирі Мейір Алдабергенев пен Мемлекеттік күзет қызметінің қызметшісі Дәурен Рамазан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Іс-шараға қатысушылар үшін Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға арналған бірыңғай далалық киім үлгілері көрсетіліп, тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды. Әскери фототілшілердің еңбектерінде әскери жаттығулардың, армиялық жарыстардың және марштардың жарқын сәттері бейнеленген.