
Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың басшылығымен кеңес өтті. Онда 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтердің еңбегі қорытындыланды.
Кеңеске жоғарыда аталған қызметтердің басшылары, Қарулы күштер түрлері бас қолбасшыларының орынбасарлары, Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, әскери оқу орындарының өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары Ел Президентінің әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, армия ортасында орны толмас шығындарды азайту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған "Өміріңді сақта" бағдарламасының орындалуына ерекше назар аударып отыр.
– Бағдарлама әскерде өлім-жітімнің алдын алу бойынша жұмыста жаңа тәсілдерді қалыптастыруға, тиімді алдын алу шараларын әзірлеуге бағытталған, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Ол сондай-ақ банктердегі міндеттемелерге, құмар ойындарға және басқа да мәселелерге байланысты отбасылық қиындықтарға қатысты проблемаларға тоқталды. Министр орынбасарының пікірінше, мұндай отбасылар мен әскери қызметшілерге уақтылы көмек пен психологиялық қолдау көрсетілуі қажет. Бұл мәселеде тәрбие және идеологиялық жұмысқа жауапты лауазымды тұлғалар ойларын айтуы керек.
– Әскери ұжымдарда және әскери қызметшілердің отбасыларында жағымсыз құбылыстардың алдын алу бойынша мақсатты жұмыс жүргізілсе, нәтижесі жақсы болады, – деп атап өтті ол.
Қарулы күштер түрлері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызметтердің өкілдері де өз ұсыныстары мен пайымдарын білдірді.
Кеңес соңында нақты тапсырмалар әзірленді. Олар әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына консультациялық, психологиялық, әлеуметтік-құқықтық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған. Жеке тәрбие жұмысында сарбаздың әскери қызметке бейімделу кезеңінде оның моральдық-психологиялық жағдайына баса назар аудару керектігі де атап өтілді.
Әскери жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін әскери бөлімдерге жіберілген жас офицерлер тәлімгерлікті дамытуы тиіс. Олардың жаңа жағдайға бейімделуінде және қызмет өткеру процесінде қиындықтарды жеңуде әскери қызметшілермен және олардың отбасыларымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің орны ерекше. Жоғары оқу орындарының басшылығы да өз түлектерімен байланыста болуға міндетті. Ол үшін жас офицерлермен кездесулер тәжірибеге енгізілуі керек.
Көп балалы отбасыларға, әскери қызметшілердің балаларын бос уақытында Қарулы күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде құрылған секциялар мен үйірмелерге тартуға ерекше назар аудару тапсырылды. Биылғы жылы жазда Қонаев қаласындағы «Алтынемелде» және Панфилов ауылы мен Щучинск қаласындағы Орталық спорт клубының филиалдарында әскери қызметшілердің балаларына демалыс ұйымдастырылмақ.