
Рота, батальон командирі, сондай-ақ батальон командирінің орынбасары лауазымдарына жоғарылайтын жас офицерлерге арналған бұл оқыту бағдарламасы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің оқу-жауынгерлік міндеттерін орындау ерекшелігін ескере отырып жасалған.
Офицерлер он күн бойы жауынгерлік мақсатқа сәйкес және күнделікті тіршілік әрекетінде бөлімшелердің жұмысын ұйымдастыру туралы қажетті білім алады.
Зерделенетін пәндердің ішінде жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы, барлау және тактикалық дайындық, әскери топография, байланыс, жалпыәскери ұрыс және қарулы қақтығыс негіздері, сеніп тапсырылған бөлімшені ұрыста қолдану тәсілдері және басқа да пәндер бар.
Тәжірибелі офицерлер, олардың арасында бітімгерлік операцияларға бірнеше рет қатысқан офицерлер шетелдік әскерлердің қару-жарағымен және іс-қимыл тактикасымен таныстырады.
– Десанттық-шабуылдау әскерлеріндегі «Тактика» курстары – қосымша кәсіптік білім беру және офицерлер құрамын қайта даярлау бағдарламасын іске асырудағы алғашқы қадам. Бұл жоғары лауазымдарға жылжытылатын роталық буын командирлері үшін әскери институт қабырғасында алған дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды талдауды ескере отырып, жаңаларын алу мүмкіндігі, – деді рота командирі капитан Шыңғыс Асенов.
«Тактика» біліктілігін арттыру курстары жыл сайын Құрлық әскерлері әскери институтының базасында өткізілетінін естеріңізге сала кетейік. Десанттық-шабуылдау әскерлері дербес әскер тегіне айналғаннан кейін бұл курстар алғаш рет өткізіліп отыр. Оқу бағдарламасын әзірлеу кезінде Десанттық-шабуылдау әскерлері жауынгерлік бөлімшелерінің командирлерін даярлауға қойылатын жаңа талаптар ескерілді.
Десантшыларды оқыту жоғары тұрған әскери лауазымдарға тағайындау алдында офицерлердің біліктілігін арттыру үшін қысқы және жазғы оқу кезеңдерінде үздіксіз жүргізілетін болады.