
Ғылым қызметкерлері күні Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Әскери ғылымның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараға ғалымдар, жоғары әскери оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ Қазақстанның, жақын және алыс шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері, оқытушылары, докторанттары мен магистранттары қатысты.
Пленарлық және секциялық отырыстар аралас форматта, офлайн және онлайн түрінде өтті.
Шара барысында Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы полковник Бауыржан Ибатулин, Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары техника ғылымдарының кандидаты полковник Амангелді Тоғысов, сондай-ақ шетелдік қонақтар – Қытай Халық Республикасының ҚХАА ӘҒА шетелдік әскери зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері аға полковник Ли Шуинь, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры PhD докторы, доцент Суат Бейлур (Түркия Республикасы) баяндама жасады.
Үш секциялық отырыста жиналғандар ұлттық қауіпсіздік, халықаралық әскери ынтымақтастық, жаратылыстану, техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды дамыту бағыттарының негізгі мәселелерін талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша қауіпсіздік саласында ұсынымдар әзірлей отырып, әскери ғылымды одан әрі дамыту жөнінде қарар дайындалды. Конференцияға қатысқандарға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.