Сарбаздар аналары патриотизм мен жауынгерлік рух үшін

Сарбаздар аналары патриотизм мен жауынгерлік рух үшін

«Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері елордадағы әскери бөлімдерде қызмет атқаратын жауынгерлермен кездесіп, мерзімді қызметтегі сарбаздардың өмірімен жақынырақ танысып қайтты.

Қоғамдық бірлестік өкілдері өздерін сарбаз ата-аналары мен әскери бөлім арасын байланыстырушы дәнекер санайды. Бұл жолы олар Астанаға азық-түлікпен қамтамасыз етуші кәсіпкерлермен және Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесіп, сарбаздарды тамақтандыру мәселелерін талқылауға келіп отыр.

 – Бұл жерде қызмет етуге жағдай жасалған», –  деді сарбаз аналары комитетінің төрағасы Лилия Хайруллина. – Әйтсе де, біз жастарға патриотизм туралы көбірек айтуымыз керек сияқты. Бұрын балалардың бойындағы патриоттық сезім ерекше еді. Бұл ретте бар жауапкершілік ата-анада екенін де бөліп айту керек. Бозбалалардың әскерге барғысы келетін-келмейтіні соларға байланысты. Егер ата-анасы баласына қызмет етуге барудың қажеті жоқ деп шабыттандырса, онда ол әскери қызметке ешқашан ұмтылмайды.

Лилия Хайруллина бастаған делегация Астанадағы десанттық-шабуылдау құрамасында болды. Сапар барысында олар мерзімді қызметің сарбаздары үшін жасалған тұрмыстық жағдайлармен, сондай-ақ әскери қызметшілердің тамақтануы мен бос уақытын ұйымдастыру мәселелерімен танысты.

«Сарбаз аналары» Ұлттық қорғаныс университетінде болып, әскери-ғылыми взвод жауынгерлерімен де кездесті. Бұл өз түріндегі бірегей бөлімше. Онда мерзімді қызметтің әскери қызметшілері инженерлік-техникалық бейінде ІТ-технологиялар мен киберқауіпсіздік бағыттары бойынша ғылыми жұмыстарға қатысады. Жауынгерлік даярлық дағдыларын игере отырып, өздерінің күнделікті қызметінде әскери-ғылыми взводтың әскери қызметшілері де Қарулы күштердің мүддесі үшін ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және сынақ жұмыстарын орындайды.