Әскери тарих бойынша өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық курсанттар үшінші орын алды

Әскери тарих бойынша өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық курсанттар үшінші орын алды

Беларусь астанасы Минскіде ТМД-ға мүше елдердің жоғары оқу орындары курсанттарының VII Халықаралық олимпиадасы аясында әскер тарихының мықтыларына арналған зияткерлік сайыс аяқталды.

Аталмыш шара Беларусь Республикасының Әскери академиясында өтті. Тарих олимпиадасына еліміздің атынан Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының командасы Аманжол Махаббат, Дәулет Әбдуәли, Даниил Кравчук, Досжан Әмірхан және Нұрсәт Баймұрат қатысты.

– Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші және екінші кезеңде курсанттар Ұлы Отан соғысының тарихынан, оқиғалар хронологиясынан, Сталинград түбіндегі шайқастан және басқа да білімдерін көрсетті. Үшінші тур «әскери-тарихи сайыс» түрінде өтсе, ал төртіншісінде капитандардың білімі сыналды. Нәтижесінде курсанттар жалпы командалық үшінші орын еншіледі, – деді топ жетекшісі аға оқытушы Батыр Садақов.

Жауынгерлік тарихтың білгірлеріне арнайы экскурсиялар мен басқа да тақырыптық шаралар ұйымдастырылды. Курсанттар Минскінің тарихи орындарын аралады, сондай-ақ «Батыр – Брест қамалы» мемориалдық кешеніне де барды.