
Қорғаныс ведомствосының өкілдері министрдің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтің басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Онда әскери бөлімдердің жеке құрамы әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету, әскери қызметтің беделін арттыру мақсатымен қабылданатын шаралар туралы хабардар етілді.
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайларымен танысып, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуын тексерді.
Іс-шараларға мерзімді қызметтің сарбаздары, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері, Абай, Өскемен, Аягөз, Үшарал гарнизондарының әскери зейнеткерлері мен ардагерлері қатысты.
Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов сарбаздар алдында сөйлеген сөзінде әскери қызмет өткерген азаматтар үшін көзделген білім беру жеңілдіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсу мүмкіндігі запасқа шығарылғаннан кейін екі жыл бойы сақталады. Сарбаздармен әңгімелескен Қорғаныс министрінің орынбасары олардың болашақ жоспарлары туралы сұрап білді. Еліміздің әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі мен оқу шарттарын жеткізді.
Ол оқу кезеңінде курсанттардың тегін тұратынын, тамақпен, заттай жәрдемақымен, медициналық қызметпен қамтамасыз етілетінін және стипендия алатынын атап өтті. Оқу процесін сапалы ұйымдастыру мен болашақ әскери қызметшілердің дене шынықтырумен айналысуы үшін жоғары оқу орындарында заманауи оқу-материалдық база бар. Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына түсу олар үшін мансаптық өсу, сондай-ақ көп деңгейлі білім беру жүйесі шеңберінде, оның ішінде шетелде одан әрі оқыту мүмкіндіктерін ашады.
Өткен жылы еліміздің жоғары оқу орындарымен қол жеткізілген уағдаластықтар белгіленген мерзімде қызмет еткен және қызмет барысында ерекшеленген азаматтарға азаматтық жоғары оқу орнында және әскери кафедрада тегін оқудан өтуге мүмкіндік беріп отыр.
Қарулы күштердің ардагерлерімен және әскери зейнеткерлермен кездесулерде әскери қызметшілерді тұрғын үй, медициналық және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша түсіндірме берілді. Сондай-ақ Үкімет жанындағы зейнетақы заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының нәтижелері туралы ақпарат жеткізілді.