Тараз гарнизонында Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесу өтті

Тараз гарнизонында Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесу өтті

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов ардагерлерді әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру және ардагерлерді әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында Қорғаныс министрлігі қабылдайтын шаралар жөнінде хабардар етті.

Шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ораз Күшіков, Жамбыл облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрбол Зейнелов, облыстық әкімдік өкілдері, Қорғаныс министрлігі бөлімшелерінің лауазымды тұлғалары қатысты.

Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов әскери қызметшілер мен әскери зейнеткерлердің әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру мақсатында қорғаныс ведомствосы қабылдайтын шараларға тоқталып өтті.

Ұшу құрамының лауазымдық жалақысын, әскери медицина қызметкерлері мен әскери оқу орындарының азаматтық оқытушыларының жалақысын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қатардағы жауынгерлер және сержанттық құрамдар лауазымдарының тарифтік санаттарын үш разрядқа, ал 2024 жылғы бірінші қаңтардан бастап әскери қызметшілердің әскери атағы бойынша жалақыларын 30%-ға көбейту жоспарлануда.

Төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде (Ұлттық ұлан мен ІІМ-ге ұқсас) әскери қызметшілерге үш еселенген ақшалай қаражат мөлшерінде төлеуді көздейтін норманы заңнамаға енгізу мәселесі де пысықталуда.

Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру бойынша ұсыныстары бар құжаттар пакеті Үкіметте қаралуында жатқанын мәлімдеді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күші жойылған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін қайтару және зейнетақы жинақтарының қалдықтарын қандай да бір шектеусіз алу мүмкіндігі туралы мәселе қойылғанын да тілге тиек етті.

Осы мәселе бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың ұстанымдары Әлеуметтік кодекс жобасының тұсаукесерінде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бейінді комитеттерінде тыңдалды. Қазір қолма-қол ақшаға деген қажеттілікті нақтылау жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ әскери зейнеткерлерге медициналық көмек көрсету, оларды шипажайлық-курорттық емдеумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігін оңайлату жөнінде шаралар да қабылданатын болады.