
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында беделді халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР Қарулы күштері Орталық ансамблі вокалдық тобының көркемдік жетекшісі Дәурен Төлеубаевтың шығармашылық кеші өтті.
Қарулы күштердің ардагерлері, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, туыстары, достары мен Президенттік оркестрдің, Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымынан әртістің әріптестері концерт залына жиналды.
Дәурен Төлеубаев сахна төрінде ҰӘПО Орталық ансамблінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен классикалық және халық әндерін, патриоттық және танымал әуендерді орындады.
Музыкалық кешке оның әріптестері – әншілер Азамат Желтырғұзов, Зарина Омарова, Айгүл Иманбаева, Айдана Иманбердиева, дирижерлер Ұлан Әбдірахманов, Марс Жалғасбаев, Қасым Айтбаев, Дархан Рахымғалиев, Ербол Мамырбаев және «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері қатысты.
– Бұл менің Астанадағы алғашқы жеке концертім. Менің идеямды іске асыруға көмектескен басшылық пен әртістерге ризамын. Қазір ән әлемінде жүрген әріптестер осындай шараларды өткізуге атсалысатыны мені қуантады, – деді Дәурен Төлеубаев.
Шараға мұрындық болған әнші мұндай кездесулер әртістерге қажет екенін атап өтті. Олар шығармашылық өсуге ықпал етіп, көрермендермен тікелей байланыста белсенділік пен шабыт береді дейді.
Алматы қаласының Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Дәурен Төлеубаев 2014 жылы Ұлттық әскери-патриоттық орталығындағы қызметін бастаған болатын. Бүгінде ол осындағы Орталық ансамблінің вокалдық тобының көркемдік жетекшісі.