Қазақстан әскері нысандарды дезинфекциялау үшін биологиялық қорғау бөлімшелерінің санын ұлғайтуда

Қазақстан әскері нысандарды дезинфекциялау үшін биологиялық қорғау бөлімшелерінің санын ұлғайтуда

Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға қатысуы мәселелері бойынша аппараттық кеңес өтті.

Селекторлық режимде өткізілген кеңес барысында дезинфекция жүргізудің алғашқы қорытындылары шығарылды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұқтыру қаупі бар 80-нен астам нысан өңделді. Іс-шаралар әкімдіктермен өзара іс-қимылда ұйымдастырылады, олар арнайы өңдеу үшін аумақтарды анықтайды.

Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдерінде жеке құрам арасында короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда, әскерлердің қызмет әрекетінің барлық салаларында медициналық қамтамасыз ету күшейтілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 23 наурызда Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін көшелерді дезинфекциялауға тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев ірі елді мекендерде осындай жұмыстарды ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Атап айтқанда, әскери қызметшілер тиісті жергілікті атқарушы органдардың жоспарлары бойынша Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және басқа қалаларда арнайы өңдеуге кірісуге дайындығы айтылды.

Сонымен қатар, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға қатысқанына қарамастан, қорғаныс ведомствосының басшысы әскерлердің жауынгерлік әзірлігінің қажетті деңгейде ұстап тұруға, сондай-ақ Арыс қаласындағы оқ-дәрілердің фрагменттерінен жергілікті жерді тазарту жұмыстарын жалғастыруға ерекше назар аударды.