Қазақстандықтар Сауд Арабиясы мен Кувейт мемлекетінен сəтті эвакуацияланды

Қазақстандықтар Сауд Арабиясы мен Кувейт мемлекетінен сəтті эвакуацияланды

Қазақстан азаматтары Сауд Арабиясы мен Кувейт мемлекетінен эвакуацияланды. Мұндай шаралар коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты қабылданды.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауына сəйкес Сауд Арабиясының Джедда қаласында тұрақтаған 33 азамат елімізге сəтті оралды. Қазақстан азаматтары коронавирустың таралуына қарсы әрекет ету үшін Сауд Арабиясының билігі шектеу шараларын енгізгеннен кейін елімізге қайтадан келе алмаған болатын. Сондай-ақ Кувейт мемлекетінен екі қазақстандық өз Отанына қайтарылды. Аталмыш эвакуация Қазақстан Әскери-әуе күштерінің әскери көлік авиациясының күшімен ұйымдастырылды.

Елімізге эвакуацияланған азаматтар Қазақстан Үкіметіне, Қорғаныс министрлігіне, Сыртқы істер министрлігіне жəне еліміздің дипломатиялық өкілдіктеріне оларды қайтару үшін қабылданған шаралар үшін алғыстарын білдірді.

Елімізге оралған азаматтар тиісті медициналық тексерістен өтіп, инфекциялық бақылау талаптарына сәйкес карантинге жіберіледі. Эвакуацияланғандардың туыстары мен жақындарына келгендігі туралы хабарланып, олар карантин кезеңінің ережелерімен танысты.

Сонымен қатар, əскери қызметшілердің денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақтау қаласының әуежайына келгеннен кейін әскери ұшақты санитарлық өңдеу жүргізілді.