
«Астана» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған құрамасында модульдік үлгідегі асхана пайдалануға берілді.
Нысанды құрама командирі полковник Марат Шахашов пен жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықтың үздігі қатардағы жауынгер Рауан Азатбекұлы салтанатты жағдайда ашты.
– Жаңа асхананы іске қосу тамақтанудың ұйымдастырылуы мен сапасын жақсартады деп білемін. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мерзімді қызметтегі жауынгерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жайлы болуы, оларды сапалы оқыту мен даярлауды қамтамасыз ету үшін бар мүмкіндікті жасап келеді, – деп атап өтті «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Әсет Оразалин.
Асхана 200 орындық. Ол азық-түлік рационы нормаларына сәйкес түрлі тағамдарды дайындауға мүмкіндік беретін тиісті технологиялық, жылу және тоңазытқыш жабдықтарымен жарақталған. Өндірістік үй-жайлар, жарық әрі кең түстену залы құрылыс және санитарлық норма талаптарына жауап береді. Онда автономды жылыту, желдету жүйелері орнатылған.