Қарулы күштерде балаларға арналған шыршалар жағылды

Қарулы күштерде балаларға арналған шыршалар жағылды

Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың балаларына арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта балалардың жаңа жылдық мерекесін бастап берді.

Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылының соңындағы мерекелік іс-шаралардың басталуы бірнеше гарнизоннан бейнеконференцбайланыс арқылы көрсетілді. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың фойесінде орнатылған жасыл шыршамен бір сәтте әскери бөлімдерде, гарнизондық офицерлер үйлерінде және мәдени-демалыс орталықтарында жаңа жылдық шыршалар жағылды.

 – Қорғаныс министрлігінің басшылығы атынан Сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Отанымыздың өркендеуі үшін зор денсаулық, оқуда және шығармашылықта табыс тілеймін, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов балалар мен олардың ата-аналарына арнаған құттықтау сөзінде.

Мерекелік шыршада карнавал костюміндегі балалар ертегі кейіпкерлерімен қосылып би биледі. Түрлі әндерді айтып, жұмбақтар шешті. Осылайша, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы дайындаған жаңа жылдық мереке олар үшін тосынсый болды. Ал Аяз Ата мен Ақшақар Қорғаныс министрінің атынан балаларға сыйлықтар табыстады.

Мерекелік ертеңгілікте ересектер балалардың ғажайыпқа толы арман-тілегін орындауға тырысты.