Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде

Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде

2000 жылғы 28 қарашада Қорғаныс министрінің директивасымен әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру басқармасы (кейіннен орталық) құрылды.

Әскери қызметшілердің зейнетақысын, сондай-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы және толық есептеу осы орталық мамандарына тікелей байланысты.

Орталық қызметінің маңызды бағыты әскери зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру болып табылады. Орталық мамандарының жүргізген талдамалық және экономикалық жұмыстарының нәтижесінде 2016 жылы заңнамаға әскери қызметшілерді еңбек сіңірген жылдары бойынша толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға ауыстыру жөнінде өзгерістер енгізілді.

Қорғаныс министрлігі күштік құрылымдар арасында бірінші болып әскери қызметшілердің зейнетақысы мен әлеуметтік қамсыздандыру процестерін автоматтандырды. Сол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Зейнетақы есептеулері» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған бағдарлама пайдалануға берілді. Бұл құжат еңбек сіңірген жылдарын есептеуге, зейнетақы төлемдерін тағайындауға, оларды қайта есептеуге, біржолғы төлемдер мен жәрдемақылардың мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Зейнетақымен қамсыздандыру орталығында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген, экономикалық, заңгерлік білімі бар жоғары кәсіби мамандар қызмет етеді. Сондай-ақ Орталық мамандары әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған консультативтік және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге барынша мән беріп келеді.