
1997 жылы 24 қарашада Қорғаныс министрінің «Қарулы Күштер үшін ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрларды дайындау туралы» бұйрығы шыққан болатын. Осыған сәйкес, бұл күн әскери-ғылыми сала мен әскери педагогика өкілдерінің кәсіби мерекесіне айналды.
Әскери ғылым қай кезде де жалпы ғылыми саланың ажырамас бөлігі саналған. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері құрылған сәттен бастап елдің қорғаныс қабілетін нығайту міндеттерін шешу көбінесе әскери оқу орындарында жоғары білікті әскери кадрларды даярлауға, сондай-ақ төл әскери ғылымын құру мен дамытуға байланысты болды.
Қазақстан армиясында заманауи халықаралық талаптарға сай келетін барлық деңгейдегі мамандарды даярлау бойынша әскери білім беру жүйесі құрылып, ғылыми және педагогикалық кадрларды дайындау жолға қойылды.
Бүгінде Қарулы күштерде орта, арнаулы орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары, сондай-ақ офицерлер мен сержанттар құрамын, әскери дайындалған резервті қосымша даярлау дәйекті түрде іске асырылуда.
Елімізде әскери білім беру алты оқу орнында жүзеге асырылады. Оның ішінде магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық жүзеге асырылатын Ұлттық қорғаныс университетін ерекше айтуға болады. Сондай-ақ бұл білім ордасында ғылыми әзірлемелер жүргізіледі. Бүгінде Қарулы күштерде қызмет ететін 113 адамның ғылыми дәрежесі бар. Ұлттық қорғаныс университеті мен шетелдік жоғары оқу орындарында 60-тан астам офицер ізденуші болып жүр.
Қазақстанның әскери білімі мен ғылым өкілдері Қарулы күштер үшін білікті кадрларды даярлауға, елдің ғылыми әлеуетін арттыруға және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға лайықты үлес қосуда.