
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы механикаландырылған құрамада сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Іс-шараға әскери бөлімнің әскери қызметшілері, қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.
– Ант беру – әр адамның өміріндегі маңызды және жауапты қадам. Әскери қызметтен сендер шынығып, шымыр болып қайтатындарыңа сенімдімін. Биылғы жылы қабылданған бағдарламаның арқасында қызметтегі нәтижелері үздік деп танылғандар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ жоғары оқу орнында түсе алады, – деді бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Абзал Тәждинов.
Ант қабылдағаннан кейін Қазақстанның тоғыз облысынан келген сарбаздар бөлімшелерге бөлініп, жауынгерлік даярлыққа кіріседі. Оларға штаттық қару-жарақ пен әскери техника бекітіледі.
– Әскери бөлімге келгенімізге бір айдай болды. Осы уақыт ішінде бәріне бейімделіп үлгердік, әскери қызметтің күнделікті өмірімен таныстық. Жалпы әскердегі қызмет ұнады, мұнда алған тәжірибе алдағы уақытта да кәдеге жарайды деп ойлаймын, – деді Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан шақырылған қатардағы жауынгер Сұлтан Ергешбек.
Сарбаздардың туыстары мен жақындары үшін ашық есік күні ұйымдастырылып, командирлер ата-аналарды әскери қызметтің жай-күйімен таныстырды, казарма, асхана, оқу сыныптарын да көрсетіп шықты. Әскери бөлім басшылығы ұлдарының қызметіне қатысты ата-аналардың көкейіндегі барлық сұрақтарға жауап берді.
– Әрине, ана ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, оның бір жыл бойы қандай жағдайда қызмет ететінін көргім келді. Сондықтан мен Тараздан осы ант беру рәсіміне келіп отырмын. Мұнда бәрін көріп, офицерлермен сөйлестім. Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Балаларымыз әскерде абыроймен қызмет етіп, бәрін үйреніп, шымыр болып оралады деп үміттенемін, – деді сарбаз Арнат Амангелдінің анасы Ақару Бақбергенова.
Осы күзде Қарулы күштерге келген жас толым биылғы жылдың қараша-желтоқсан айларында алғашқы әскери даярлық курсынан өтіп, әскери ант беретінін атап өткен жөн.