
Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында десантшылар құрамаларын толықтырған сарбаздардың Отан алдында адал болуға ант беру шаралары салтанатты түрде өтті.
Жас жігіттерді десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Қарулы күштердің, жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, сарбаздардың туыстары мен жақындары құттықтауға келді.
– Осындай беделді әскерде қызмет ету сендер үшін үлкен мәртебе. Десанттық-шабуылдау күштерінің айрықша белгілері – көгілдір берет пен ала кеудеше. Олар бұл әскерді ерекшелендіретін белгілер. Жуырда сендер де көк қырандары атану үшін парашютпен секіруді үйренесіңдер, әскери-есептегі мамандық түрлерін меңгересіңдер. Әскери борыштарыңды абыроймен атқаратындарыңа сенімдімін, жақындарың сендерді мақтан ететін болады, – деді сарбаздарға, әскер қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Бауыржан Артықов.
Десанттарға тән сән-салтанатпен және үлкен сеніммен жас жауынгерлер анттың маңызды сөздерін айтты.
– Бүгін біз үшін өте маңызды күн – ант қабылдау рәсімі күні. Осы уақытқа дейін қарқынды жаттығулар жасадық, қару-жарақты, жарғыларды үйрендік, саптық дайындықтан өттік. Бұл әскер түріне келгенімді мақтан етемін. Алда әлі де көптеген сынақтар күтіп тұрғанын білемін, моральдық тұрғыдан дайынмын. Командирлердің сенімін ақтауға тырысамын, – деді Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Дмитрий Ниязбай.
Ата-аналар да ұлдарының қысқа уақыт ішінде әскерге төселіп, қалай өзгергенін атап өтті.
– Әр адамға армия мектебінен өту керек. Әскердегі қызмет – жігіттік өмірге сенімді бастама. Мұнда балалар ер жетіп, шыңдалады. Жауынгер достардың бағасын біледі. Сарбаздардың бәріне сәттілік тілеймін, – деді сарбаз Сырым Қайратбекұлының ағасы Ербол Игісінов.
Іс-шара қойылымдық көрсетіліммен аяқталды.
Осы ашық есік күні аясында командирлер де әскери бөлімдерге экскурсиялар ұйымдастырып, онда ата-аналар казармаларды, оқу сыныптарын, асханалар мен спорт залдарын аралады, ұлдарының алдағы қызметіне қатысты барлық сұрақтарға жауаптар алды.