Жетінші қараша – әскери журналист күні

Жетінші қараша – әскери журналист күні

Бүгін әскери журналистика өкілдері кәсіби мерекесін атап өтуде. Бұл күн 1929 жылы «Қызыл әскер» республикалық әскери газетінің бірінші нөмірінің шығуына орайластырылып, Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген.

Тәуелсіз Қазақстанда Қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы «Қазақстан сарбазы» – «Воин Казахстана» газеті болды. Ведомстволық басылымды әр жылдары бас редакторлар – Виль Рахманқұлов, Сапарғали Жағыпаров және Серік Қанапиянов басқарды. Газет редакциясы қазақстандық әскери журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген нағыз баспасөз мектебіне айналды.

1994 жылы Қайыр Дінбаяновтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінің фотовидеостудиясы құрылып, әскери ақпараттық құрылымдар дами бастады. Бөлімшенің шығармашылық ұжымы телесюжеттер мен бағдарламалар құрып, өзекті сұхбаттарды жазды және Қарулы күштердің тарихына қатысты ерекше кезеңдерді де таспада қалдырды. Бүгінде бұл ақ-қара түсті суреттер мен бейнематериалдар маңызын жоғалтқан емес .

Әскери журналистика ақпараттық кеңістіктегі заманауи технологиялардың дамуын ескере отырып, үнемі жетілдіріліп отырады. «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналымен қатар Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілер арқылы бірқатар қызықты және әртүрлі жобаларды жүзеге асыру үстінде. Олардың қатарында «Online-брифинг», «Оnline жауап», «Online байланыс» және басқалары да бар. Республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерін күрделі жағдайда жұмыс істеуге үйрету бойынша «Әскери дискурс» әскери-практикалық семинары ұдайы өткізіліп тұрады.

Қорғаныс ведомствосының ресми іс-шаралары, мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі оқиғалар, әскерлердің жауынгерлік даярлығы мен жаттығулары, армия спортшыларының беделді халықаралық жарыстарда өнер көрсетуі, сондай-ақ Қазақстан армиясы жауынгерлерінің күрделі, бірақ қызықты жауынгерлік жұмыс күндері – бәрі әскери журналистердің назарында.

Армияның тыныс-тіршілігі ведомствоның Instagram әлеуметтік желісінің ресми аккаунтында, Telegram және Youtube арналарында, Қорғаныс министрлігінің сайтында белсенді түрде жарияланады.

Ақпараттық майдан шебінде болған кезде әскери журналистер әрқашан сенімділік, объективтілік және жеделдік принциптерін ұстанады. Олардың еңбегінің арқасында қалың оқырман, теледидар және интернет-аудитория әскери қызметтің ерекшеліктерімен танысып, Қарулы күштердің қызметі мен жетістіктерінен, Отан қорғаушылардың күнделікті тіршілігінен хабардар болады.