
Қорғаныс ведомствосында Бас әскери прокурор Дастан Секеновтың төрағалығымен өткен алқа отырысында азаматтарды әскери қызметке шақыру туралы заңнаманың қолданылуын тексеру қорытындылары қаралды.
Алқалы жиынға Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әскери басқармасының, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның өкілдері қатысты.
Отырыста Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жастарды мерзімді әскери қызмет өткеруге ынталандыру мәселесін қозғады. Қорғаныс ведомствосы басшысының айтуынша, министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге «кредиттік демалыстар» беруге қатысты шаралар іске асырылды. Қарулы күштердің оқу-жаттығу орталықтарында экономиканың нақты секторында сұранысқа ие азаматтық-туыстас, әскери-есептік мамандықтар бойынша дайындық жүргізілуде. Әскерге шақырылушыларды алдын ала іріктеу, «электрондық үкімет» порталы арқылы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату тәртібі заң жүзінде жан-жақты көрсетілген.
Ғылым және жоғары білім министрлігімен және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде қызмет еткен және өздерін жақсы жағынан көрсеткен азаматтарға білім беру секторында жеңілдіктер беруді көздейтін жоба іске асырылуда. Қырық жоғары оқу орны оларға тегін білім алуға жеңілдік беруге дайын екенін растады.
Алқа барысында Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін сапалы әскерге шақыру контингентімен қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды. Заңнама бойынша шақыруды ұйымдастыру атқарушы органдарға жүктелген. Бұл ретте облыстар мен қалалардың әкімдіктеріне әскерге шақыру науқаны барысында тиісті жағдаймен қамтамасыз ету және қажетті медициналық комиссияларды жасақтау жөнінде шаралар қабылдау көрсетілген.
Сонымен қатар, ақпараттық салада, оның ішінде жастарды көбірек қамту үшін әлеуметтік желілерде түсіндіру қызметін жандандыру қажеттігіне назар аударылды.
Сөз соңында Бас әскери прокурор азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру барысында заңдылықты қамтамасыз ету жөнінде ағымдағы және алдағы міндеттерді айтты.