Елорданың Оқушылар сарайына 500-ге жуық жастар жиналды. Оның ішінде бас қаланың мектептері мен колледждерінің оқушылары, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, мерзімді қызметтегі сарбаздар, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен әскери қызметшілер де бар.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов акцияға қатысушыларға арнап сөз сөйледі. Ол әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктері бар жаңа әділетті Қазақстан құрудағы жастардың алатын орнын атап өтті.
– Елдің үкілеген үміті, мемлекеттің әлеуеті мен ресурсы – өскелең жас ұрпақ. Ұлттық бәсекеге қабілеттілікті нығайту, сондай-ақ елді сенімді қорғау, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету келешекте сіздерге жүктелетін міндет, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
«Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нұғыманов та жас патриоттарға ақжарма тілегін жеткізді.
Сонымен қатар қонақтар алдында кеше ғана мектептен түлеп ұшқан бүгінде әскери оқу орнында оқып жүрген курсанттар мен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер сөз сөйледі. Олар әскерден алған әсерімен бөлісті.
Акция аясында Jas Sarbaz Hub мобильді ақпараттық-интерактивті орталығы таныстырылды, онда қонақтарға Smart Sarbaz үйірмелерінің робототехникалық әзірлемелері, Jas Sarbaz Media студиясының мүмкіндіктері, сондай-ақ Jas Sarbaz Saulyq алғашқы көмек көрсету бойынша оқыту секциясы көрсетілді. Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің көрмесі айтарлықтай қызығушылық тудырды. Одан өзге Оқушылар сарайының алдындағы алаңда әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ашылды.
Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрінің қойылымдары, құрмет қарауыл ротасының дефилесі, сондай-ақ «Жас сарбаз» балалар студиясының вокалдық бағдарламасы қатысушыларға ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлады.
Әскерге шақырылған жас сарбаздарға ата-бабаларымыздың ерлігін, батырлығы мен табандылығын сипаттайтын қалқан мен қылышты аманат ретінде берілуі акцияның ең жарқын сәті болды. Бұл акция Отан қорғаушылардың барлық буындарының, яғни Қарулы күштер ардагерлерінің, әскери колледждер мен жоғары оқу орындары курсанттарының, мерзімді қызметтегі және келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің, әскерге шақырылушылар мен жас патриоттардың бірлігі мен жауынгерлік дәстүрінің сабақтас екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Акция соңында мерзімді қызметтегі сарбаздар – Әлихан Райысов пен Асқар Дегенбаевқа әскери тәртіпті сақтай отырып жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықта жеткен жетістіктері үшін құрмет көрсетілді. Оларға салтанатты түрде ынталандыру ретінде еліне баруға демалыс берілді. Ал іс-шараға арнайы шақырылған ата-аналарға Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген лайықты ұлдар тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табысталды.
Одан өзге әрі қарай келісімшарт бойынша әскерде қызмет еткісі келетін 12 әскери қызметші Қорғаныс министрінің атынан естелік сыйлықтар алды.