Биыл екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын ұшу және инженерлік мамандық бойынша 71 офицер бітірді.
Салтанатты рәсім облыс орталығының орталық алаңында өтті. Дәстүр бойынша «Сағадат» маршына орай алаңға оқу орнының Жауынгерлік туы шығарылды.
Іс-шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, әскери институттың бастығы генерал-майор Дәурен Қосанов, Қарулы күштердің ардагерлері, түлектердің ата-аналары мен достары қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов жас офицерлерді осынау маңызды күнмен құттықтап, түлектерге алдағы қызметте сәттілік және діттеген мақсаттарына жетуде табандылық тіледі.
– Жоғары оқу орнын аяқтап, диплом алу – бұл алғашқы қадам, алда кәсіби деңгейде өсулеріңіз де маңызды кезең болып табылады. Әскери білім ордасында алған мамандықтарыңыздың беделі жоғары, күрделі әрі жауапты болып табылады. Еліміздің әуе шебін қорғауда әскери ұшқыштардың даңқты дәстүрлерін лайықты түрде жалғастырасыздар деп сенемін, – деді ол.
Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов институттың озық түлегі лейтенант Ербол Исламға үздік диплом табыс етті.
– Ұшақтың штурвалына отырмас бұрын көптеген пәндерді оқыдық, ұшу аппараттарының жүйелерін пайдалану негіздерін, әуе шайқасын жүргізу тактикасын меңгердік, тренажерларда жұмыс істедік. Дайындықтың барлық кезеңдерін оқытушылар мен нұсқаушылар үйретті. Оларға алғысым шексіз. Тәлімгерлеріміздің үмітін ақтауға тырысамыз, – деді Ербол Ислам.
Дәстүр бойынша іс-шара бірінші офицерлік вальс және «монета лақтыру» рәсімдерінен кейін салтанатты шерумен аяқталды.
Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қарулы күштері үшін авиациялық мамандар даярлайтын Орталық Азиядағы жалғыз жоғары әскери оқу орны екенін айта кеткен жөн. Биыл әскери білім ордасын Тәжікстанның 3 офицері де аяқтап отыр.