Қарулы күштердің ардагерлері жоғары сынып оқушыларымен кездесті

Қарулы күштердің ардагерлері жоғары сынып оқушыларымен кездесті

Ақмола облысында «Айбынды жастар – Қазақстанның тірегі» акциясы аясында ардагерлердің болашақ Отан қорғаушыларымен кездесуі жалғасуда. Ақпараттық-насихат топтары Жібек жолы, Аршалы ауылдарында болып, әскерге шақырылуға жататын жастармен жүздесті.

Қарулы күштердің ардагері контр-адмирал Ратмир Комратов оқушыларға төл әскеріміздің қалыптасуы туралы ғана емес, сонымен қатар Севастополь жоғары әскери-теңіз училищесінің курсантынан тәуелсіз Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысына дейінгі қызмет жолы туралы айтып берді. Балалар ардагердің теңіз жорықтары, атом сүңгуір қайығындағы қызметі туралы естеліктерін қызығушылықпен тыңдады. Ратмир Комратов Валентин Пикуль, Эрнест Хемингуэй, Леонид Соболев секілді маринист-жазушылардың теңіз көрмеген қарапайым баланың теңізші болуға деген ұмтылысын қалай қалыптастырғанын, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Ту» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері әкесі Әлімхан Комратұлының өмірінде маңызды рөл атқарғаны туралы айтты.

«Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов та оқушылармен әскери өмірдегі бай тәжірибесін бөлісті. 35 жылдан астам уақытын Отанға қызмет етуге арнаған ол Қазақстан Қарулы күштерінің бастауында тұрған тұлға. Ардагер осы жылдар аралығында антына адал офицерлердің тұтас бір плеядасын тәрбиелеп шығарғанын атап өту керек.

Кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында оқушыларға Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған бейнероликтер көрсетіліп, әскери оқу орындары туралы жан-жақты баяндалды.

Өз өмірлерін Отан қорғаушы мамандығымен байланыстырғысы келетін жасөспірімдер ақпараттық-насихат тобының өкілдеріне оқуға түсу ережелері мен еліміздің жоғары әскери оқу орындарында оқу шарттары туралы бірқатар сұрақтар қойды. Оқушылар мерзімді әскери қызметке, оның ішінде елдің Әскери-теңіз күштеріне де қызығушылық танытты. 

Кездесуге келген оқушылардың құрдастары Санжар Орынбасаров пен Ақниет Аманжол Қорғаныс министрлігінің елордалық әскери колледжіндегі оқулары жайлы айтты. Онда бүгінгі таңда Қарулы күштерде ерекше сұранысқа ие мамандықтар бойынша сержанттар құрамы дайындалады. 

Ардагерлер Аршалы ауданының әскери бөлімдерінің бірінде болды. Олар бөлімнің инфрақұрылымымен, объектілерімен, әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайларымен, қызметтік-жауынгерлік қызметімен танысты. Қорғаныс министрлігінің бастамасымен қолға алынған мерзімді әскери қызметін өткергендерге арналған білім беру жүйесіндегі жеңілдіктер туралы айтты.