
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында «Өміріңді сақта» профилактикалық бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.
Бас қосуға Парламент депутаттары, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ақпарат және қоғамдық даму, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Бас әскери прокуратураның, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, үкіметтік емес сектордың өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Пікір алмасуда бағдарлама қабылданған сәттен бастап әскердің қоғам үшін ашықтығын арттыруға бағытталған түбегейлі қадамдар жасалғаны атап өтілді. Қыркүйек айында Қарулы күштердің басшылығы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен екі рет кездесіп, әскери қызметтің өзекті мәселелері талқыланды.
– Қорғаныс министрлігі әрдайым азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас, ашық ынтымақтастықты көздейді, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.
Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Дана Нұржігіт бағдарламаны іске асыруға қатысты өз ойларын жеткізді. Ол денсаулық сақтау, білім беру және қаржы салалары сияқты қоғамның бірнеше саласын қамтитын құжаттың көп өлшемділігіне назар аударды. Сол себепті, Сенат депутат тиісті ведомстволарды бағдарламаны іске асыруда белсенді болуға шақырды.
– Бізге өзгеріс қажет. Мұны ең алдымен, әскери адамдар түсіне білуі керек. Әйтсе де бұл бір ғана әскери адамдардың қолынан келмейді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, – деп атап өтті Дана Нұржігіт.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытбек Смағұл Отан қорғаушының қалыптасуындағы әскери-патриоттық тәрбие мен бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығын тоқталды. Ол сондай-ақ жас ұрпақ мақтан тұтып, үлгі алатын тұлғалардың бар екенін атап өтті. Мәжіліс депутаты даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының борыш, ар-намыс пен патриотизм туралы еңбектері ұрпақ үшін асыл қазына болып қала береді деді.
– Кез келген жас әскерге қоғам, мектеп мен отбасы берген белгілі бір білім мен тәрбиемен келеді. Жас ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлу біздің бәріміздің міндетіміз, – деді Бақытбек Смағұл.
Кеңесте «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті» қоғамдық бірлестігінің басшысы Лилия Хайруллина, Алматы қаласы «Қазақстан ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері Бағила Балтабаева мен Ирина Бородкина, жазушы, қоғам қайраткері Жан Ақжанов, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Айсұлу Ерниязова сөз сөйледі.
«Өміріңді сақта» бағдарламасы Мемлекет басшысының әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленгенін атап өткен жөн. Құжат әскери ортадағы қайтарымсыз шығындарды азайтуға бағытталған. Бағдарламаны әзірлеумен ведомствоаралық жұмыс тобы айналысты. Оның құрамына депутаттық корпустың, Денсаулық сақтау, Жоғары білім және ғылым, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, сондай-ақ күштік ведомстволардың өкілдері кірді.
Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығымен бекітілген бағдарлама 2022-2025 жылдарға арналған.