
Қорғаныс ведомствосының өкілдері мен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы Бейнеу ауылына барып, әскери қызметшілермен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Асеновтың басшылығымен ақпараттық-түсіндіру тобы Бейнеу гарнизонының әскери қызметшілеріне Президент Жолдауының негізгі қағидаларын және Қарулы күштердің жауынгерлері белсенді түрде қатысатын алдағы Мемлекет басшысы сайлауының маңыздылығына тоқталды.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері үшін Қорғаныс министрлігінің запасқа шығарылғаннан кейін тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беру жөніндегі бастамалары туралы айтылды. Бұл бүгінгі және болашақ Отан қорғаушыларды айтарлықтай ынталандыратыны анық.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында Қарулы күштер туралы деректі фильмдер көрсетіліп, жастардың әскери оқу орындарына түсуі және әскери қызметке шақыру тәртібі туралы сөз болды.
Дәстүр бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы жұмысының соңы шараға қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырған тамаша концертпен аяқталды.
Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдарының басшылығы, ауданда тұратын қарулы қақтығыстардың ардагерлері, қоғам өкілдері қатысты. Жиын соңында Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов әскери қызметшілерге Отан игілігі жолындағы жауынгерлік қызметтері үшін жылы лебізін білдіріп, Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне осындай шараларды ұйымдастырғаны үшін ризашылығын жеткізді.