
Іс-шара Халық Қаһарманы, «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың басшылығымен өтті.
Отырыс барысында Қорғаныс министрлігі басшылығының «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ-нің сындарлы өзара іс-қимылы атап өтілді. Осы айда ғана Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Астана мен Алматыда ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен екі рет жұмыс кездесуін өткізді.
Қазіргі уақытта қоғамда Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауы кеңінен талқылану үстінде. Биылғы қарашада ел Президентінің мерзімінен бұрын сайлауы өтеді. Сондықтан да Қарулы күштердің ардагерлері мемлекеттік ауқымдағы маңызды оқиғалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысуы тиіс екені айтылды.
Отырысқа қатысушылар Қарулы күштер мен қорғаныс ведомствосының ардагерлерінен құралған ақпараттық-насихаттау тобының бірлескен жұмыс жоспарының жобасын талқылады.
Марат Нағұманов, Ратмир Комратов, Көпен Ахмадиев, Геннадий Носоновский және басқа да ардагерлер пікір алмасуға қатысты.
Ардагерлер қызметтің негізгі бағыттарын талқылап, Президиум мүшелері арасында Қарулы күштермен бірлескен жұмысты ұйымдастырудағы міндеттерді бөлді.