
Еліміздің батыс өңірінде Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы жалғасуда. Жұмыс тобының негізгі бағыттарының бірі – Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын түсіндіру.
Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінде өткен кездесулерде жеке құрамға 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Президент Жолдауының негізгі тезистері нақты мысалдармен түсіндірілді.
Мемлекет басшысы жақын арада елдегі жағдайға оң әсер етуі тиіс түбегейлі шараларды атап өткені белгілі. Оның ішінде, ұлттық кірістерді әділ бөлуге, өскелең ұрпаққа қолдау көрсетуге, денсаулық сақтау мен білім беруге, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге батыл қадамдар жасалды.
Кездесу барысында Қарулы күштер үшін де бұл реформалардың маңызы зор екені атап өтілді. Өйткені әскери қызметшілердің өмірі мен қызметі ел тағдырының ажырамас бөлігі болып қала береді.
– Біздің бәріміз де гүлденген елде өмір сүруге лайықтымыз. Осы мақсатта Мемлекет басшысының барлық идеялары табысты іске асырылуы үшін еліміздің тыныштығын қорғауда барлық күш-жігеріміз бен білімімізді жұмсай білуіміз керек, – деп атап өтті теңіз жаяу әскерлері құрамасы командирінің орынбасары подполковник Ринат Шарипов.
Ақпараттық-түсіндіру шаралары барысында Мемлекеттік әскери-тарихи мұражай Қазақстан Қарулы күштерінің тарихы туралы баяндайтын жылжымалы экспозиция ұйымдастырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Асеновтың басшылығымен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы Ақтау гарнизонының әскери қызметшілеріне арнап концерт берді.