
Ақтаудағы Абай атындағы қалалық мәдени-сауық кешенінде қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы барысында әскери қызметшілермен, әскерге шақыру және әскерге шақыру жасына дейінгі жастармен кездесу өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев, сондай-ақ қоғам өкілдері қатысты. Кездесуге гарнизонның әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскерге шақырылушылар, қаланың мектеп оқушылары және «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Қонақтарға арнап қазақ тарихының жауынгерлік дәстүрлерін насихаттайтын Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің көрмесі ұйымдастырылды. Қазақ әскерінің қалыптасуы мен дамуы жайлы деректі фильмдер көрсетілді.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы атынан генерал-майор Серік Борамбаев 2022 жылдың көктемінде Ақтау қаласынан шақырылған, жарты жыл ішінде әскери оқу-жаттығу кезінде едәуір жетістіктерге жеткен, ал қазір елге демалысқа келген әскери қызметшілердің ата-аналарына алғыс хаттар табыс етті.
Кездесу барысында Маңғыстау облысының әкімі барлық әскери қызметкерлерге бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтауға атсалысып жүрген еңбектері үшін алғыс айтты. Сонымен қоса ол болашақ Отан қорғаушылар бүгінде әскери борышын адал атқарып жүрген әскери қызметшілерден үлгі алыңдар деген ақжарма тілегін жеткізді.
Шара соңында Қарулы күштер Ұлттық әскери патриоттық орталығының ұжымы қонақтарға арнап қазақ жауынгерлерінің даңқты дәстүрін паш ететін ұлттық туындыларды орындады.