
Әскери госпиталь 1972 жылы 20 қыркүйекте құрылған болатын. Осы жылдар ішінде ол диагностикалық және емдік шаралардың ауқымды спектрін орындайтын көп салалы медициналық мекемеге айналды.
Талдықорғандағы 85 орынға есептелген госпитальда іргелес гарнизондардың әскери қызметшілері медициналық көмек алады. Онда терапия, хирургия, анестезиология, реанимация, сәулелік диагностика бөлімдері жұмыс істейді, сонымен қатар емханасы да бар.
Медициналық мекеме қажетті шараларды сапалы деңгейде атқаруға мүмкіндік беретін заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Біздің аса маңызды ресурсымыз – медицина қызметкерлері. Емдеу мекемесінде жүзден астам қызметкер, оның ішінде сегіз жоғары санатты дәрігер жұмыс істейді. Персонал оқу-жаттығуларға ұдайы қатысып, онда әскери қызметшілерге ұрыс қимылдары жағдайында көмек көрсетуге дайын әскери дәрігер мәртебесін растайды, – деп атап өтті госпиталь бастығы медицина қызметінің подполковнигі Айдос Әкімбащин.
Коронавирустық инфекциямен күрес кезеңінде 2020 жылы Талдықорған әскери госпиталінде инфекциялық стационар ашылды. Ол жерде әскери қызметшілерге және облыстың 150-ге жуық тұрғынына білікті медициналық көмек көрсетілді.
2021 жылдың желтоқсанында 68 орындық модульді далалық госпиталь пайдалануға берілді. Бұл коммуникацияларға қарамастан, далалық жағдайда дербес медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Далалық госпиталь әскерлердің жауынгерлік даярлығы кезіндегі медициналық қамтамасыз ету шараларын көрсететін оқу-жаттығуларға әркез қатысады.
Талдықорған әскери госпиталі – әскердегі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлшегі. Демек ол әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға ғана емес, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қолдауға да едәуір үлес қосады.