Алматы облысындағы оқу-жаттығу орталығын бітірген әскери байланысшыларға сертификат табысталды

Алматы облысындағы оқу-жаттығу орталығын бітірген әскери байланысшыларға сертификат табысталды

Мерзімді қызметтегі 100 сарбазға әскери мамандық алғандығы туралы сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді. Бұл мамандық оларға әскери қызмет кезеңінде ғана емес, сонымен қатар армиядан кейін де кәдеге жарамақ.

Әскерге шақырылған алғашқы күннен бастап сарбаздар бес ай бойы байланыс оқу-жаттығу орталығында радиобайланысты ұйымдастыратын үш мамандық бойынша білім алды.

– Оқу барысында теориялық біліммен ғана шектеліп қоймай, іс жүзінде машықтануды үйрендік. Борышымды өтеген соң бұл мамандықтың азаматтық салаға да керек екеніне сенімдімін, – деді курсант Мұрат Әлімбаев.

– Біздің түлектер бірден екі мамандық алып шықты. Әскери-есептік мамандығы 3 сыныпты маман болса, ал оларға азаматтық салаға керекті 2 дәрежелі электромонтер маманы бойынша сыныптық біліктілік берілді. Бұл сертификат біздің түлектерге «Қазақтелекомда» және байланыспен қамтамасыз етуге мамандандырылған басқа да кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті әскери бөлім командирі подполковник Асхат Ұлыбаев.

Жуырда жас мамандар әскери қызметін өткеру үшін байланыс бөлімшелеріне жіберілетін болады.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Қарулы күштерде «армиядағы жұмысшы мамандықтар» бағдарламасы қабылданды. Мерзімді әскери қызмет барысында сарбаздар экономиканың нақты секторында талап етілетін ауыр жүк машиналарының жүргізушілері, экскаваторшылар, тракторшылар, жол төсегіштер, дизелист-электриктер, байланыс мамандары және басқа да көптеген мамандықтарды меңгереді.