Жергілікті әскери басқару органдары – Қорғаныс министрлігінің «Қоғамдық қабылдау бөлмесі»

Жергілікті әскери басқару органдары – Қорғаныс министрлігінің «Қоғамдық қабылдау бөлмесі»

Он екінші қыркүйек – жергілікті әскери басқару органдарының күні. Бұл күн еліміз үшін 1991 жылдан бастап, әскери комиссариатқа Республикалық орган мәртебесін беру және оған республиканың барлық әскери комиссариаттарын бағындыру туралы Қазақ КСР Президентінің Жарлығы күшіне енген кезден бастап атаулы күн болды.

Елордада атаулы күнге орай салтанатты жиналыс өтті. Онда Қарулы күштердің басшылығы әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдары ардагерлерінің көп жылдық елеулі еңбегін атап өтті.

– Жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді бұдан былай да жемісті әрі тиімді атқаратынына, жастарға үлгі болып, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігінің жоғары деңгейін қолдау үшін бар мүмкіндікті жасайтынына сенімдімін, – деді ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов.

Бүгінгі таңда қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер Қарулы күштердің ажырамас бөлігі болып табылады және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Жергілікті әскери басқару органдарының бөлімшелері әскерлер мен әскери оқу орындарын жасақтау, әскери оқытылған резервті есепке алуды жүргізу және даярлауды ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындайды. Қазақстандықтар арасында әскери-патриоттық жұмыс жүргізеді.

Жергілікті әскери басқару органдарының қазіргі заманғы жүйесі барлық облыстарда, қалалар мен аудан орталықтарында орналасқан 20 департаменттен, 31 басқармадан және 164 қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тұрады.

1992 жылдан бастап елімізде мерзімді әскери қызметке 676 мыңнан астам азамат, ал әскери оқу жиындарына 31 мыңнан астам әскери міндетті шақырылды. Әскери оқу орындарында оқу үшін 42 мыңнан астам курсант іріктелді. Қарулы күштерге арналған әскери-техникалық мектептің филиалдарында 50 мыңнан астам маман даярланды.

Қазіргі уақытта жергілікті әскери басқару органдарын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспарына сәйкес, оларды реформалау және азаматтармен өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыру жүргізілуде. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің 14 мемлекеттік қызметінің 10-ын қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер орындайды. Цифрлық ресурстар арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру ұйымдастырылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату беріледі. Әскери есепке алу және әскерге шақыру мәселелеріне қатысты әкімшілік заңнаманың сақталуын бақылау жүзеге асырылады.

Пилоттық режимде Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, Чернобыль атом электр станциясындағы аварияның салдарын жоюға, интернационалист жауынгерлерге анықтамалар беру, әскери қызметтен өткендігін растау туралы және елден тыс жерлерге тұрақты тұруға шығатын азаматтарға қатынасы туралы қызметтерді іске қосу мәселесі қарастырылуда.

2023 жылдан бастап «e-gov» порталындағы жеке кабинетте азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтерді көрсете отырып, әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды электрондық форматқа көшіру жоспарланған. Бұл ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке қою және одан шығару қажеттілігін жояды.

Жергілікті әскери басқару органдары халықпен үнемі байланыста болады. Азаматтардың әлеуметтік желілердегі өтініштеріне жедел ден қою үшін олардың бірінші басшыларының ресми аккаунттары құрылды. Еліміздің барлық өңірлеріндегі қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер Қорғаныс министрлігінің «Қоғамдық қабылдау бөлмесі» функциясын орындайды. Бұл жерде қазақстандықтарды Отан қорғау жөніндегі өзінің конституциялық борышын орындауға тарту басталады.