Артиллеристер атыс тапсырмаларын орындады

Артиллеристер атыс тапсырмаларын орындады

Жетісу облысындағы "Көктал" полигонында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің артиллериялық бөлімшелері взводтарының жауынгерлік атыстары  өтті.

Артиллеристердің далалық жиындары бағынысты бөлімшелерді басқаруда взвод командирлерінің және жеке құрамның атысқа дайындығы мен оқ ату тапсырмаларын орындау арқылы тәжірибелік машықтарын жетілдіруге бағытталған.

Алматы, Қонаев және Талдықорғандағы десанттық-шабуылдау құрамаларының артиллериялық бөлімшелері дабылмен көтеріліп, белгіленген ауданға әскери техникамен бірнеше шақырымдық марш жасады. Іс-шараларға 500-ден астам әскери қызметші мен 100-ге жуық жауынгерлік техника жұмылдырылды.

– Артиллериялық қарумен қозғалмайтын нысаналарды  зақымдау арқылы жауынгерлік оқ атулар теориялық және практикалық сабақтар кезінде алған білімдерін бекітуге мүмкіндік береді. Мерзімді қызметтегі сарбаздар алғаш рет штаттық снарядпен жауынгерлік оқ ату жаттығуларын орындады. Бұл олардың мамандықты игерудегі өте маңызды сәті, – деп атап өтті қолбасшының оқ ату мен зақымдау жөніндегі орынбасары полковник Ерлан Әлиқұлов. 

Жауынгерлік атыстардың қорытындысы бойынша 35-ші десанттық-шабуылдау құрамасының взвод командирі гвардия лейтенанты Жасұлан Абдуллаев және 38-ші десанттық-шабуылдау құрамасының взвод командирлері аға лейтенант Қуаныш Қапар мен лейтенант Алмат Еген үздік деп танылды.