Білім күні еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде ерлік сабақтары өтті

Білім күні еліміздің жалпы білім беретін  мектептерінде ерлік сабақтары өтті

1 қыркүйек күні барлық өңірлердегі әскери басқару органдарының басшылары, Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, қоғам қайраткерлері оқу орындарында болып, ерлік сабақтарын өткізді.

Соның бірі елордадағы № 92 лицейдің жоғары сынып оқушыларына арналды. Жазғы ұзақ демалыстан кейін оқушылар «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы жайлы жан-жақты білуге акт залына жиналды. 

Сабақты отандық кинофильмдерде 20-дан аса рөлді сомдаған, спорт «Оскарының» иегері Арман Асеновтің өткізгені ұмытылмас әсер қалдырды. Бүгінгі таңда ол Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы.

 – Ерлік сабағы керемет өтті, – деді 9 сынып оқушысы Айзере Аманбай. – Арман Асеновтің басты рөлдерде ойнаған талай фильмдерін көрдім. Ол әрқашан адал, батыл және ержүрек кейіпкерлерді сомдайды.

Жасөспірімдер өздерінің кумирін білген соң, бірден «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына қалай кіру керектігі туралы сұрақтар қоя бастады, әскери оқу орындарына түсу жағдайларына да қызығушылық танытып, Қарулы күштердегі қызмет жайлы айтып беруді сұрады.

 – Ерлік сабақтары қазіргі жас буынға ауадай қажет. Мүмкіндігінше бұндай сабақтарды жиі өткізіп тұру керек. Елді сүйетін, Отанын қорғауға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу – мектеп пен ата-ананың ғана емес, «Жас сарбаз» қозғалысының жетекшілері сияқты нағыз патриоттардың да міндеті. Кездесу балалар үшін қызықты өтті, әрі берер тәлім-тәрбиесі де мол болды. Осындай сабақтардан соң көптеген жастар Отан қорғаушы мамандығын таңдайтынына сенімдімін, – деді 9-сыныптың сынып жетекшісі Жадыра Алпанова.

Іс-шара соңында балалар Қазақстан әскері және «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны туралы бейнероликтерді тамашалады.