
Еліміздің барлық әскери жоғары оқу орындарында, колледждер мен «Жас ұлан» республикалық мектептерінде жаңа оқу жылының басталуына арналған шаралар өткізілді.
Әскери оқу орындарының 2000-нан аса курсанты, әскери колледждер мен «Жас ұлан» республикалық мамандандырылған мектептерінің 1500 тәрбиеленушісі, сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің 300-ден астам магистранты үшін 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталды.
Алғашқы оқу күні салтанатты сап түзеуден бастау алды. Әскери оқу орындарының бастықтары бірінші курс курсанттарын әскери өмірге басқан алғашқы қадамдарымен құттықтап, барлық жеке құрамға таңдаған жолдың жауапкершілігін сезініп, болашақ Отан қорғаушы мамандығын меңгеруге бар күш-жігерлеріңді салыңдар деген игі тілегін жеткізді.
– Қазіргі заманғы әскерге дене даярлығы жақсы сарбаздарды оқыту мен тәрбиелеуде ұйымдастырушылық қабілетке ие, ерік-жігері мықты әрі табанды, батыл да тапқыр, бастамашыл және өзіндік көзқарасы бар мамандар қажет, – деп атап өтті Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы полковник Бауыржан Ибатулин
Қорғаныс министрлігінің білім беру мекемелерінің құрамына Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің әскери институттары, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Сағадат Нұрмағамбетов пен Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждер, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептері кіретінін айта кетейік.