Алматыда парашюттік көпсайыстан Қарулы күштердің чемпионаты өтуде

Алматыда парашюттік көпсайыстан Қарулы күштердің чемпионаты өтуде

Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Арнайы операциялар күштері спортшыларының жарыстары Парашют даярлығы орталығында ұйымдастырылды.

Іс-шараны өткізу маңызды әскери-қолданбалы спорт түрі – парашют спортын дамытуды, іс-қимылдар мен жаттығулардың әртүрлі әскери-кәсіби тәсілдерін, сондай-ақ бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін жетілдіруді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар чемпионатқа қатысушылар спорттық дәрежелер мен разрядтар алу үшін біліктілік нормативтерін де тапсырады. 

Арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Абай Абдуллаев чемпионатты жыл сайын өткізу Қарулы күштерде парашют спортын дамытуға едәуір ықпал ететін атап өтті. Ол жарысқа қатысушыларды құттықтап, бәріне сәттілік тіледі.

Жарысқа 40 әскери қызметші қатысу үстінде. Сайыстың біліктілік талаптарына сәйкес әр қатысушыда кемінде елу парашютпен секіру және арнайы мақсаттағы жүйені басқару машығы болуы тиіс. 

Спорттық-кәсіби жарыстар бағдарламасының жеке және команда құрамындағы сынақтарына жердегі белгіленген межеге топтық секіруде дәл қону жаттығулары, «Калашников» автоматынан ату, 100 метр қашықтықта еркін стильде жүзу, жеңіл атлетикалық кросс, сондай-ақ спорттық бағдарлау кіреді.

 Қарулы күштердің парашюттік көпсайыстан өтіп жатқан чемпионаты 27 тамызда жеке-командалық біріншіліктің жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталады.