Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 24 жыл

Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 24 жыл

Қарулы күштердің бұл әскер түрі Қазақстанның әуе шебін қорғау, маңызды мемлекеттік және әскери объектілердің әуе шабуылына қарсы қорғанысын қамтамасыз ету, басқа да әскер түрлері мен тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындайды.

Әуе қорғанысы күштері жауынгерлерінің күнделікті тіршілігі жауынгерлік оқудан, ұшулардан және атыс жаттығуларынан тұрады. Жеке құрамның қарқынды дайындығының арқасында еліміздің авиация мамандары мен ӘШҚҚ әскерлерінің кәсіби шеберлігі ұдайы нығаю үстінде.

Әуе қорғанысы күштері үнемі жаңартылып, авиациялық техниканың заманауи үлгілерімен, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, байланыс құралдарымен және автоматтандырылған басқару жүйелерімен толықтырылып келеді.

Әскери-әуе күштерінің авиациялық паркінде майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясының соңғы үлгідегі ұшу аппараттары, ұшқышсыз басқарылатын авиация жүйелері бар.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамына зениттік зымыран кешендерімен және радиолокациялық станциялармен жарақтандырылған зениттік зымыран және радиотехникалық әскерлер кіреді. Олар қазіргі заманғы әуе шабуылы құралдарының биіктіктері мен жылдамдықтарының ауқымын барлау және зақымдау мүмкіндігіне ие.

Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты әскери ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрамды дайындайды. Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің мамандарын оқытады.

Бүгінде Әуе қорғанысы күштері – заман талабына сай қару-жарақпен жарақтандырылған және дайындықтан өткен мамандармен жасақталған, жауынгерлік кезекшілікті атқару кезінде, тәжірибе сабақтары мен оқу-жаттығуларда кәсіби шеберлігін үнемі дәлелдеп жүрген Қарулы күштердің әскер түрі.