Ақтөбеде әскери оқу орнының құрылған күнін атап өтті

Ақтөбеде әскери оқу орнының құрылған күнін атап өтті

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының құрылғанына 48 жыл толғаны атап өтілді.

Салтанатты жиында әскери институттың бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов Әуе қорғанысы күштері – жаңа авиациялық техникамен ұдайы толықтырылып отыратын Қарулы күштердің едәуір ұтқыр және жарақтандырылған түрі екенін атап өтті.  

– Тәуелсіздік жылдарында әскери институт Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар үшін 2 600-ден астам авиация маманын даярлады. Авиациялық басшылық құрамның 80%-дан астамы біздің оқу орнының түлектері. Сіздердің ерен еңбектеріңіз еліміздің әуе шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, – деді институт бастығы.

Бүгінде осы білім ордасында оқытушы болып, білімі мен тәжірибесін курсанттарға үйретіп жүрген Қарулы күштердің ардагерлеріне алғыс айтылды.

Мерекеге орай қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері, сондай-ақ жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін институттың әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы марапатталды.

1974 жылы Ақтөбеде азаматтық авиацияның ұқыштар даярлайтын жоғары училищесі құрылды. 1996 жылдың маусым айында оқу орны екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесі болып қайта құрылды. Университет өзінің қазіргі атауы 2003 жылдың шілдесінде берілді. 1998 жылы 22 тамызда  алғашқы офицерлер бітіріп шықты.

Бүгінде Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты  ұшу, инженерлік және әскери-медициналық мамандық бойынша 11  авиация мамандарын даярлауды жүзеге асыратын Орталық Азиядағы жалғыз әскери оқу орны. Білім ордасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орындарының тізімінде. Мұнда Тәжікстаннан келген курсанттар да оқиды.