Әскери полиция мамандары даярлау орталығын бітірді

Әскери полиция мамандары даярлау орталығын бітірді

Орталықта мұқият дайындықтан өткен бітіруші 24 түлек емтихан тапсырып, арнайы бастапқы оқудан өткені туралы куәлік алды.

Кандидаттар қылмыстық және әкімшілік заңнаманы қолдану ісін жүргізу негіздерін, тактикалық-арнайы даярлықты, патрульдік-бекеттік және әскери-автомобиль қызметінің ерекшелігін меңгерді. Бұл пәндерді білу – әскери полицейдің қызметінің нәтижелі болуының маңызды шарты. 

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілерге дене дайындығы қажет. Орталықта әскери полицейдің келбетіне де ерекше көңіл бөлінеді. Арнайы сабақтар мен жаттығулар өткізіледі. 

Әскери полиция мамандарын даярлау орталығы құқықтық салада тәжірибесі бар жоғары білікті оқытушылармен жасақталған. Қажетті дағдыларды пысықтау үшін жергілікті әскери полиция органдарының объектілерінде, атап айтқанда автомобиль техникасы паркінде және кинологиялық орталықта сабақтар ұйымдастырылады. Әскери полиция бөлімшелерінде білім алушылар гауптвахтадағы ішкі тәртіп және онда әскери қызметшілерді ұстау қағидаларымен танысады. 

– Бұл дайындық орталығы 1999 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда әскери полицияның 2 мыңнан астам қызметкері оқыды. Көптеген түлектері қазіргі уақытта Әскери полиция бас басқармасында, аумақтық органдарда және басқа да әскери-құқық қорғау құрылымдарында басшылық лауазымдарды атқаруда, – деді ҚР Қарулы күштері Әскери полиция мамандарын даярлау орталығының бастығы подполковник Серік Құрманәлиев. 

Қызмет орнына келгеннен кейін қолында оқығаны туралы куәлігі барлар бір ай бойы алған білімдерін іс жүзінде бекітуге арнайды. Олар әрі қарай әскери полиция органдарына қызмет етуге шақырылады. Арнайы әскери бөлімшеге беделді, психологиялық және моральдық тұрғыдан тұрақты, қызметке байланысты шектеулерді қабылдай отырып, қызмет етуге дайын жастар қабылданатын болады.