
Биыл Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің басшылығымен Алматы, Қонаев және Талдықорған гарнизондарының әскери қызметшілері алғаш рет суға парашютпен секіруді орындады.
Қапшағай су қоймасында өткен бұл шара жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүзеге асты. 800 метр биіктіктен парашютпен секіруге Ми-17 тікұшағы пайдаланылды. Аталған жаттығуларды тәжірибелі нұсқаушы офицерлер де, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер де орындады. Келісімшарт қызметіндегілер үшін бұл әрине, жаңа тәжірибе болды.
– Парашютпен секіріп суға қону – десантшылардың жауынгерлік даярлығының маңызды бөлігі. Жаттығуды орындарда теориялық, дене дайындықтарына және моральдық-психологиялық көңіл-күйге мұқият болу талап етіледі. Әскери қызметшілерге бірнеше рет, соның ішінде жүзуден нұсқаулық-әдістемелік сабақтар да өткізілді, – деді генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Суға секіру жаттығуларын ұйымдастыру ережелеріне сәйкес бұл күндізгі уақытта ғана және жағадан белгілі бір қашықтықта өткізіледі. Судың температурасы + 18°C-тан төмен болмауы да ескеріледі.
Десантшы әуеде парашютпен жерге секіру ережелерін орындаудан басқа, су басқан кезде жаттығуды тез арада орындауға дайындалады. Бұл ерекшеліктер парашютпен секруші десантшыны сенімді әрекет етуге, жинақы болуға, мұқият және суға секіруге дайындық кезінде ұстамдылық сақтауға міндеттейді.
Десанттық бөлімшелердің жеке құрамы мұқият дайындықтың арқасында берілген оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындап шықты.