
Ақтау гарнизонының «Оймаша» полигонында Әскери-теңіз күштері бөлімдері мен бөлімшелері командалық құрамының атыс дайындығы бойынша нұсқаулық-әдістемелік жиын аяқталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштердегі әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, барлық деңгейдегі командирлердің кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық дағдыларын дамытуға баса назар аударылуда.
Осылайша, бес күн ішінде батальон, взвод және рота офицерлері мен сержанттары іс жүзінде ату машығын және оқ ату даярлығының әдістемелік сабақтарын сауатты ұйымдастыру біліктілігін жетілдірді.
– Мұндай жиындар күндіз де, түнде де жауынгерлік күрделі жағдайда атыс жүргізу дағдыларын тексеру және пысықтау үшін өткізіледі, – деп атап өтті Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы бас штабының аға офицері подполковник Ершат Қарасаев.
Әскери қызметшілер күндізгі уақытта және қараңғы кезде қозғалмайтын нысаналарға әртүрлі тәсілдермен, қапталдан және алғы шептен атуды пысықтады, сондай-ақ автоматтан бір орында және қозғалыста оқ ату машығын орындады.
– Командирлер мен сержанттар жеке құрамме жұмыс істейді. Жиын біз үшін оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әдістемелік және тәжірибелік тұрғыда маңызды, – деді Әскери-теңіз күштері теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонының сержанты 3-сыныпты сержант Ратбек Амит.
Жиынға қатысушыларға әскери-медициналық дайындық жөнінде тәжірибе сабақтары өткізіліп, онда жарақат, сынық алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері пысықталды.