Байланысшылардың машығын жетілдіретін далалық сабақтар

Байланысшылардың машығын жетілдіретін далалық сабақтар

Құрлық әскерлерінде тұрақты орналасу пункттерінің жанында байланыс әскерлері бөлімдері және бөлімшелерінің далалық сабақтары өтуде.

Сабақтың нәтижесінде байланыс бөлімшелерінің машығы мен үйлесімділігі жетілдіріліп, офицерлер мен сержанттардың бағынысты бөлімшелерді басқарудағы дағдылары беки түседі.

Далалық сабақтар биылғы 7-29 шілде аралығында төрт кезеңде өтеді. Онда бөлімшелердің далалық тораптарды ашып, жоғары штабпен және бағынысты бөлімшелермен байланыс орнату арқылы жаттығулар өткізу аудандарына шығу тәжірибесі қарастырады. 

Сабақ жоспарына сәйкес, байланысты ұйымдастыру жөнінде жеке және топтық нормативтер мен оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау, сынақтар қабылдау, байланыс тораптары мен басқару пункттерінің құрамында байланыстың барлық түрлерін қамтамасыз ету көзделген. 

– Далалық сабақтарда оқытудың алдыңғы кезеңдері барысында, әсіресе жеке және топтық нормативтер мен оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау кезінде алынған жеке құрамның білімі мен дағдыларын тексеріп, бекітуге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта жақсы нәтиже көрсеткен телеграф және радиожелілік станциялар экипаждарының жұмысы бағаланды, – деді 41321 әскери бөлімінің командирі майор Ринат Әбілтаев.

Далалық сабақтарға байланыс бөлімшелері, фельдъегерлік-пошта байланыс пункттері және Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінің байланыс тораптары жұмылдырылды.