Талдықорғанда аты аңызға айналған әскери қолбасшы Иван Панфиловқа бюст орнатылды

Талдықорғанда аты аңызға айналған әскери қолбасшы Иван Панфиловқа бюст орнатылды

Талдықорған гарнизонының Десанттық-шабуылдау құрамасында Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов бюстінің ашылу рәсімі өтті.

Оны салтанатты жағдайда Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов пен Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Алматы филиалының бастығы, атақты қолбасшының немересі Алуа Байқадамова ашты.

– Қазақстандық әскери қызметшілердің бірнеше буыны үшін Иван Васильевич Панфилов аңызға айналған, жанқияр ерліктің және Отанын шексіз сүйген перзенттің үлгісі болып қала береді, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Іс-шараға Ресейдің Мәскеу облысы Волоколамск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка, Жетісу облысы және Талдықорған қаласы әкімшілігінің өкілдері, әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштер мен Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ батырдың немерелері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Балдырған Байқадамова және Халықаралық Панфилов қозғалысының координаторы Айгүл Байқадамова қатысты. 

– Жетісу облысының аумағында орналасқан десанттық-шабуылдау құрамасы Иван Панфилов есімімен аталады. Дәл осы жерде 1941 жылдың жазында ел аузында «панфиловшылар» деп аталып кеткен 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Бүгінгі күн – тарихи күн. Қорғаныс министрлігіне және бюст жасауға атсалысқан баршаға азаматтарға алғыс айтамын, – деп Алуа Байқадамова шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Салтанатты рәсімге қатысушылар Иван Панфиловтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, осылайша Отан тарихында жарқын із қалдырған батырдың рухына тағзым етті.