
Жұмылдырылған резервтің әскери міндеттілері «Отар» әскери базасында жұмылдыру даярлығы бойынша жиынға қатысуда. Бір ай ішінде олардың әрқайсысы өзінің әскери мамандығы мен жалпы әскери пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтар курсын меңгеруі тиіс.
Аталмыш оқу әскери жиынында практикалық дайындыққа баса назар аударылады.
«Сабақтар дене, саптық, атыс, радиациялық, химиялық, биологиялық, инженерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықты қамтиды», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жұмылдырылған резервті дайындау жөніндегі оқу-жаттығу орталығының аға офицері подполковник Құттыбай Жұманов.
Жиынға қатысып жатқан әскери міндеттілердің әскери мамандықтары әртүрлі. Мәселен, ефрейтор Азамат Сейдамаров танк командирі болып табылады. Жиында ол мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде не үйренгенін еске алуда. Бұл ретте жауынгерлік машинамен жұмыс жасаудағы көптеген жаңа нюанстарды білді.
«Мен мерзімді қызмет өткерген уақыттан бері бес жылдың жүзі болыпты. Бұл үлкен мерзім емес, алайда, бұл уақыт аралығында әскери техника өзгеріп, жаңарып, түрлене түсті. Менің ойымша, мұндай жиынды өткізген маңызды және қажет. Біз Отан қорғаушылар ретінде өзіміздің міндетімізді орындауға әрқашан сақадай сай дайын болуға тиіспіз», - деп ол атап өтті.
Әскери міндеттілердің жиыны ұдайы негізде өткізіліп тұрады. Себебі, қаруды меңгеру машығын бір қалыпта ұстап тұру және күрделі әскери техниканы тізгіндеу үшін әскери міндеттілерді оқытып-үйрету өте маңызды. Сабақтарға бұдан бұрын мерзімді әскери қызмет өткерген 27 мен 40 жастағы азаматтар тартылады. Әскери жиынның негізгі мақсаты бейбіт уақытта қысқартылған санда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын өрістету үшін қажетті әскери-оқытылған резервтің қорын дайындау және жинақтау болып табылады.









