Жасұландықтар ұлан атағын абыроймен алып жүруге ант берді

Жасұландықтар ұлан атағын абыроймен алып жүруге ант берді

2016 жылдың 1 қазанында «Жас ұлан» республикалық мектептерінде ұландардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті.

Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде оқуға енді ғана түскен ұландар қалыптасқан дәстүр бойынша әскери мектептің барлық даңқты дәстүрін сақтай отырып, ұлан деген атақты абыроймен алып жүретіндеріне салтанатты түрде ант етті.    

«Мен осындай жағдайда алғаш рет ант қабылдап отырмын. Шамалы қобалжып тұрмын. Бірақ, мен патриотпын және өз Отаным алдында борышымды өтегім келеді. Сондықтан әскери қызметші болуды қалаймын. Бұл – менің бала кездегі арманым. «Жас ұлан» мектебіне оқуға түскім келген кезде ата-анам келісімін беріп, маған қолдау көрсетті. Сол үшін оларға көп рахмет. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов менің пір тұтатын тұлғам. Ол нағыз хас батырдың өзі. Мен сол кісіге ұқсағым келеді», - деді ұлан Думан Мәкішев.

Ұлан атану үшін жасөспірімдер психологиялық тестілеуден өтті. Физикалық нормативтерді, яғни, жүгіру мен белтемірге тартылуды тапсырып, сондай-ақ, медициналық куәландырудан өтті.

Сағадат Нұрмағамбтеов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі 1999 жылғы 4 қарашада құрылды. Білім ошағын Елбасы – ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Назарбаев ашты. 

Одан басқа, ұландардың салтанатты түрде ант қабылдауы бойынша іс-шаралар Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында өтті. «Жас ұлан» әскери мектептері 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолданыстағы республикалық әскери мектеп-интернаттары базасында құрылып, ҚР Қорғаныс министрлігінің иелігіне берілді.

Қазіргі уақытта «Жас ұлан» мектептерінде 1600-ге жуық ұлан білім алуда.  Олардың 500-і биылғы жылы мектеп тәрбиеленушілері атанды.