
Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне арналған «Алатау» мина-тартқыш кораблін қабылдау жұмыстарын жүргізуді аяқтаған соң корабль экипажы Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласынан елге қайтып оралды.
Корабль экипажы Ресей Федерациясы Әскери-теңіз флотының Әскери оқыту-ғылыми орталығының даярлау орталығының базасында теориялық әзірліктен, Фин шығанағында корабльдік іс-тәжірибені меңгеру дайындықтарынан сәтті өтті. Сондай-ақ, кемелердің зауыттық жүріс сынақтарына да қатысты.
Бұл жолы қазақстандық әскери теңізшілердің Отанға оралуы ерекше жағдайда өтті. Біздің отандасымыз, Санкт-Петербург политехникалық университетінің студенті Ақжарқын Махамбетованың отбасы әскери қызметшілердің көмегіне жүгінген.
Оқу кезінде Ақжарқын кенеттен құлап, бел омыртқасынан зақымданып, жарақат алған. Ота жасалғаннан кейін әрі қарай ем қабылдау үшін қызды Қазақстанға жеткізу қажеттігі туындаған. Операциядан кейін Ақжарқын ешқандай қозғалыссыз көлденең қалыпта жатуы тиіс болғандықтан да тасымалдау қиынға түскен.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы орын алған жағдайды біліп, отбасына қол ұшын беріп, көмек көрсетуге шешім қабылдайды. Санкт-Петербург қаласынан Ақтауға қайтып келе жатқан әскери қызметшілер С-295 әскери-көліктік ұшақтың бортына Ақжарқын мен оның анасын және әскери мейірбикені өздерімен бірге алып, дереу Астана қаласына жеткізеді.
«Біз сондай бір қамқорлықты сезіндік. Мұндай ауыр жағдайда ойланбастан бірден көмек көрсеткені үшін барша әскерилерге – теңізшілер, ұшқыштар мен мейірбикелерге зор алғысымды білдіремін. Нағыз қорғандарымыз деп есептеймін бұл жандарды», - деп жарақат алған қыздың анасы өзінің ризашылығын білдірді.
«Қорғаныс министрлігінің басшылығымен ҚР ҚК ӘТК кеме экипажының жеке құрамын және Қазақстанның екі азаматын Санкт-Петербургтан Астанаға жеткізу туралы тапсырма келіп түсті. Алға қойған міндетті орындадық»,- дейді С-295 ұшағының экипаж командирі майор Азамат Молдахметов.
