
Шақырылуға дейінгі, шақырылатын және армия жастарына, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әскери-патриоттық тәрбие беру, армиялық көркемөнерпаз орындаушылары мен ұжымдарының шығармашылық тұрғыда өсуіне ықпал ету аясында Астанада шоғырланған ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жыл сайынғы «Жас ұлан» армия әндері фестивалі өтті. Аталмыш ән фестивалінің тарихы 1997 жылы бастау алды.
Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, әскери оқу орындары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, жоғары сынып оқушылары көрермендерді тәнті етті. Фестивальға қатысушылар үш аталым бойынша өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Орындаушы-вокалистер», «Фольклорлық орындаушылар», «Вокалды-аспаптық ансамбльдер мен орындаушылар».
Байқау шарттарына мына өлшемшарттар кірді. Әскери тақырыптағы шығарманы, қазақстандық сазгерлердің немесе орындаушылардың туындыларын, жеке (авторлық) музыкалық шығармаларды, сондай-ақ, фольклорлық жанрды орындау.
XVIII республикалық «Жас ұлан» армия әндері фестивалінің қорытындысы бойынша бас жүлде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына табыс етілді. «Вокалды-аспаптық ансамблі» номинациясында 1-орынды «Арыстан» мектеп-лицейінің вокалды тобы, «Фольклор» номинациясында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы және «Вокал» аталымында Әли Көптілеу (Астана қ. Қорғаныс істері жөніндегі департаменті) жеңіп алды.
Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі дарынды жастар, жалпы білім беру мектептерінің, лицейлерінің оқушылары, колледж студенттері, жас патриоттар XVIIIреспубликалық «Жас ұлан» армия әндері фестивалінің қатысушылары дипломдарымен марапатталды.


